Абай облысының полициясы 25 мыңнан аса көлікті неге тексерді
Облыста «Қауіпсіз жол» рейді өткен

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 25 мыңнан аса көлік тексерілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Аталған шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жол ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың көлік жүргізу ережелерін сақтауын, қажетті құжаттарының дұрыстығын және көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексерді.
Бұл ретте бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүрді:
- жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтау;
- қоғамдық көлік құралдары мен жолаушылар тасымалдау талаптарының сақталуын қадағалау;
- құжатсыз немесе техникалық талаптарға сай келмейтін автокөліктерді анықтау;
- жол қозғалысына қатысушылармен профилактикалық түсіндіру әңгімелерін жүргізу.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы – тек жазалау үшін емес, ең алдымен, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыс. Жол қозғалысы ережесін сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын еске салады», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.