Бір шекарашы суға құлап кеткен
Атырау облысында браконьерлердің балық аулайтын ауын жойып жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қайығына белгісіз төрт адам шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, шабуыл жасағандардың бәрі бетперде киген. Қазір шекарашылар қауіпсіздік шараларын күшейткен.
«Браконьерлікке қарсы іс-шара кезінде оқыс оқиға орын алды. 28 қыркүйек күні сағат 14:00-де департаменттің жағалау күзеті дивизионының шекара катері қызметтік тапсырманы орындап жүріп, браконьерлердің үлкен ауын тапты. Кенет қамыс арасынан қайық шыға келді: бетперде киген төрт белгісіз адам шекарашылардың қайығына соққы жасаған. «Байда» типтегі қайық соңында қашып кеткен», – деп хабарлады ӨКҚ.
Оқиға кезінде бір шекарашы суға құлап кеткен. Қазір құқық қорғау органдары шабуыл жасағандарды іздеп жатыр.