Желіде азапталған аттың фотосы тарап, жұрт жағасын ұстады
Алматыдағы Khan horsess клубындағы көкпар ойыны кезінде аттың танауы жыртылып, қаны судай аққан. Желіде тараған фотосуретке қарағанда, атбегі жануардың жүгенін аямай тартып, қатігездік жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл көрініс көптің ашуына тиді. Кейін клубтың өкілі үндеу жасап, болған істі түсіндіруге тырысқан.
«Ойын кезінде аттың жүгенінен қан ақты. Фото, видеода жағы жыртылғандай көрінді, шындығында олай емес, ол жануардың өміріне қауіпті жарақат емес. Біз жылқыны ойыннан шығарып, ветеринар дәрігерге тапсырдық. Кейін оны көрсетемін», - деді ол.
Бірақ ол желі қолданушыларын сөзіне сендіре алмады. Ашулы адамдар заң органдарының әрекет етуін талап етіп жатыр.
«Ветеринарлық клиниканың мекен-жайын беріңіз, алаңдаған адамдар өздері барып көрсін. Әйтпесе құр сөз, дәлел жоқ», «Аттар да тірі жандар, Құдайдан қорқыңыздар! Жаны жоқ зат сияқты пайдаланасыздар, қалай жүректеріңіз ауырмайды? Жазғы маусымда тіпті аттар таңнан қараңғыға дейін адамдарды тасиды. Обал емес пе?», «бізге олай көрінген жоқ», «Жауыздар, сөзім жоқ. Тірі жан емес па? Сіздің бір сауағыныздың тырнағы жұлынып кетсінші, жаныңыз шығып кете жаздайды, аузын айырып жібердіңіздер байғұс аттың. Бұл жағдай заңмен жазалану керек!», «айыппұл салып, жауып тастау керек», - деп жазды олар.
Атпен серуендетіп, фотосессия ұйымдастыратын бизнес орнына бойкот жариялау керек деген пікірлер де жазылып жатыр.
Редакция Алматы облысы полиция департаментіне сұрау жолдады.