Қайғылы жағдай бүгін Павлодар-Астана тас жолында болған
«Жеңіс» футбол клубының ойыншысы Виктория Кайсаринова жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай бүгін Павлодар-Астана тас жолында болған. Футбол ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтты.
«Жол апаты салдарынан біздің команданың футболшысы Виктория Кайсаринова көз жұмды. Жүргізуші жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, арақашықтықты сақтамаған. Осы жағдай жүк көлігімен соқтығысуға әкелді.
Бұл жағдайға әлі де сену қиын. Бұл біздің бүкіл клуб үшін ауыр және орны толмас қаза. Виктория ғажап ойыншы және нағыз дос болды. Біз оның отбасымен, туыстарымен және жақындарымен бірге қайғырамыз. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», - деп жазылған клубтың хабарламасында.
Виктория 19 жаста еді. Ол қорғаушы ретінде ойнады және осы маусымда 17 матч өткізді, оның 14-інде негізгі құрамда болды.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері елде жол апаттарының саны 42%-ға, зардап шеккендердің саны 52%-ға артты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, апаттардың 90%-ы жүргізушілердің қателігінен болады. Бұл жағдай 2018 жылы автомектептерді лицензиялаудың тоқтатылуымен және онлайн-өздігінен дайындалу тәжірибесінің таралуымен байланыстырылады.
ІІМ вице-министрі Игорь Лепеха жыл сайын полиция 13 млн жол ережесін бұзу дерегін анықтайтынын айтты.