Зардап шеккендер арасында 1,5 жас пен 4 жас аралығындағы төрт бала да бар
Қазақстанда теміржол бойында сегіз айда 27 адам көз жұмды , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚТЖ мәліметі бойынша 2025 жылдың 8 айында 44 адамды пойыз басып кеткен, салдарынан 27 адам көз жұмған.
«Құқық бұзушылардың 39%-і мас күйінде, 36%-і белгіленбеген жерден өткен немесе құлаққапта болған, 14%-і вагон астымен жолдан өтсе, 11%-і – суицидтік жағдайлар», - дейді компанияның баспасөз қызметі.
Зардап шеккендер арасында ересектердің қарауынсыз жолда қалған 1,5 жас пен 4 жас аралығындағы төрт бала да бар.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – Магистральдық желі дирекциясы филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Серік Айқынбеков ата-аналарды балаларға темір жолдағы тәртіп ережелерін түсіндіруге және оларды жалғыз қалдырмауға шақырды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда адам басу саны 29%-ке төмендеді.
«Спикер жолдарды қоршау қауіпсіздіктің толық кепілдігін қамтамасыз етпейтінін атап өтті, өйткені тұрғындар қоршауды қасақана бүлдіріп, ережелерді бұзады. Атап айтқанда, Шымкент бөлімшесінде толығымен қоршалған Қорғасын – Шымкент – Қызылсай учаскесінде екі жыл ішінде 7 адамды пойыз басқан», - деп жазылған хабарламада.
Жол бойында барлығы 26 станция мен үш аралықты қамтитын 211 км қоршау тұрғызылды. Қосымша тағы 242 км қоршау салу қажет. 2026-2027 жылдарға 73,6 км қоршау салу жоспарланған.
8 айдың ішінде локомотив бригадалары 77 мәрте жол апатының алдын алды.