$ 542.67  638.89  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«7,3 млн теңге»: ауылға дәрігер болып барған жас мамандарға берілетін бір реттік төлем артты

Сондай-ақ жаңа жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға берілетін кредит көлемі ұлғаяды 

«7,3 млн теңге»: ауылға дәрігер болып барған жас мамандарға берілетін бір реттік төлем артты
Фото: t.me/DenMinPR

Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келген жас кадрларды қолдауға бағытталған бірқатар бастамаларды енгізді. Ауылдық елді мекендерде еңбек жолын бастаған жас мамандар көтерме жәрдемақы, тұрғын үйге жеңілдікті кредиттер, жалақыға қосымша төлемдер және әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлерін алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит мөлшері ұлғайтылды:

  • аудан орталықтарына келген мамандарға 2 500 АЕК (9,2 млн теңге)
  • ауылдық елді мекендерді таңдаған дәрігерлерге – 2 000 АЕК (7,3 млн теңге) беріледі.

Ауылдық жерге кемінде бес жыл мерзімге келген медицина қызметкерлеріне 100 еселенген ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем енгізілді.

Мұндай қолдауды 2024 жылы 254 маман, 2025 жылы 106 маман алды. Қосымша айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінде көтерме жәрдемақы беріледі.

«Денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған әлеуметтік пакет сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларға арналған орындарды басымдықпен беруді және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары үшін ЖОО-ға конкурстан тыс түсу мүмкіндігін, сондай-ақ көлік шығыстарын өтеуді қамтиды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты аясында қоныс аударушылар тұрғын үй бағасының жартысын төлеуге арналған арнайы сертификат ала алады. Сонымен қатар, «Жастар практикасы» жобасы бойынша жас мамандардың жалақыларына қосымша үстемеақы төленеді.

Сонымен бірге, 2026 жылы Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдіктерімен және Отбасы банкімен бірге кадр тапшылығы ең көп сезілетін өңірлердегі аса қажет дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары