Алматы облысында кәсіпкердің жесірі басқарған ірі су қоймасын мемлекет өз меншігіне алды
2024 жылдың көктемінде су қоймасының бас бөгеті жарылған

Алматы облысының соты «Ворошиловское» су қоймасын мемлекетке қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ақпарат таратқан сот су қоймасын кімдер және қалай басқарғанын, нысан неге тозып кеткенін түсіндірген.
«2017 жылы «Ворошиловское» су қоймасын жеке кәсіпкер сатып алу құқығынсыз 49 жылға жалға алған. 2021 жылы кәсіпкер қайтыс болғаннан кейін су қоймасын басқару құқығы қосымша келісім негізінде оның жесіріне өткен. Алайда, келісімнің талаптары мен бизнес-жоспар нашар орындалып, су қоймасына тиісті бақылау жасалмаған. Соның салдарынан 2024 жылы су қоймасының бас бөгеті жарылып, мемлекет меншігіне едәуір шығын әкелді», - деп хабарлаған Алматы облысының соты.
Сот хабарлағандай, «жесір әйел Қаржы басқармасының бірнеше рет шағымдарына дұрыс жауап бермеген», сондықтан, Басқарма сотқа талап арызбен жүгініп, мыналарды жарамсыз деп тануды талап еткен:
- 2017 жылғы сенімгерлік шарты;
- 2021 жылғы қосымша келісім;
- су қоймасына қатысты жесірге берілген мұрагерлік құқығы туралы куәлік;
- және су қоймасын коммуналдық меншікке қайтару.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарап, жеке кәсіпкердің қайтыс болуына байланысты 2017 жылғы сенімгерлікпен басқару шартын бұзылған деп таныды. Кейін оның жесірімен жасалған 2021 жылғы қосымша келісімді де жарамсыз деп тапқан.
«Сот жесір әйелді су қоймасын коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді», - деп хабарлайды Алматы облысының соты.