Әуежай қызметкерлері Шымкенттен Ыстамбұлға бет алған SСAT ұшағындағы алабай итті өлтірген (ВИДЕО)
Бұл туралы желіде ақпарат тараған

SСAT әуе компаниясының рейсінде қиғылық салған алабай тұқымды төбеттің өлгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Куәгерлерлердің сөзінше, Шымкенттен Түркияға бағыт алған ұшақ бір сағатқа кешігіп ұшқан. Қызметкерлер ірі төбетті жүк салатын бөлімге тией алмай әуреге түскен. Кейін Түркияға жеткен кезде жолаушылар бірнеше сағат бойы жүктерін ала алмай, күтіп қалған. Анықталғандай алабай жәшігін жарып, сыртқа шығып кеткен. Ол аэропорт жұмысшыларын жүктерге жақындатпай қойған.
Оқиға орнына полиция мен консул шақырылған. Бәрі жабыла жүріп, итті тынышталдырған. Кейін жануардың өлгені хабарланды. Желіде тараған видеода бірнеше адам алабайдың мойнына қыл бұрау салып, сүйреп бара жатыр. Басын әрі-бері қозғалтып, қарсылық танытқанына қарағанда иттің әлі де тірі екені көрінеді. Қызметкерлер оны белгісіз бір жаққа алып кеткен.
SСAT әуе компаниясы болған жағдайға байланысты әзірге ләл-мим демеді.