Бұл жол апатынан 10 адам қаза тапқан еді
Маңғыстау облысында Бекет-ата – Шопан-ата тасжолында болған ірі жол апатынан зардап шеккен екі әйелді жақын күндері Астанаға жеткізу жоспарланып отыр. Олар Ұлттық жедел медициналық көмек орталығының клиникасына госпитализацияланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, науқастардың жағдайына республикалық орталық мамандары телемедициналық кеңес берген.
«Науқастардың жағдайы тәулік бойы бақылауда. Қажетті ем-шаралар жасалып жатыр. Астанадағы орталыққа жеткізу кезінде қауіпсіздік талаптары толық сақталады», – делінген министрліктің хабарламасында.
11 қыркүйекте Маңғыстау облысында орын алған жол апатында 10 адам қаза тапқан. Бұл оқиға елдің назарын аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Маңғыстаудағы жол апатынан қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды. Қаза тапқан азаматтар Астана, Қарағанды, Теміртау және Жаңаөзен қалаларының тұрғындары. Оқиғадан кейін жол апатынан қаза тапқандардың туыстарын Ұлттық ұланның арнайы ұшағы апат болған аймаққа қарай алып ұшты. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бекет атаның басына зиярат етуге бара жатып қаза тапқан марқұмдардың туыстарын күтіп алып, көңіл айтты.