«Әйеліне қолғабыс етті»: Балқашта қызметтік көлігіне азық-түлік артқан полицейге қатысты тың ақпарат шықты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бұған дейін желідегі видеоға қатысты дау туған еді

Фото: скриншот

Әлеуметтік желіде Руслан Лазута деген атпен тіркелген ер адам Балқаш қаласында түсіріп алған видеосын таратқан еді: онда жас келіншек полицияның қызметтік көлігіне азық-түлік артып жатқанын байқауға болады. Қарағанды облысының полиция департаменті Azattyq Rýhy редакциясына мән-жайды түсіндіріп, комментарий берді.

Дереккөзге сүйенсек, оқиға түскі үзіліс кезінде болған. Үш кішкентай баласына алаңдаған әйел полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін күйеуіне хабарласып, көмек сұрапты.

«Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты Балқаш қалалық Полиция бөлімінде қызметтік тексеріс жүрді. Нәтижесінде бейнежазбадағы автокөліктің расымен де аталған бөлімге тиесілі екені анықталды. Тексеру барысында жағдайдың мынадай мән-жайы белгілі болды: түскі үзіліс кезінде полиция қызметкерінің зайыбы қоңырау шалып, кәмелетке толмаған үш баласының үйде жалғыз қалғанын хабарлаған. Сондай-ақ дүкеннен алған азық-түлікті үйге жеткізіп беруін өтінген. Қызметкер қысқа уақыт ішінде отбасы қолғабыс жасаған. Бұл әрекет оның қызметтік міндеттерін орындауына ешқандай әсер етпеген», - деп сендірді полиция департаменті.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының полиция департаменті аймақтағы тағы бір шұғыл мәселе - үйлердің төбесіне кірпіш қойып кеткен жасөспірімге іздеу салғанын хабарлаған еді.