Министр тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматыда өтетін тарихи футбол ойынына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчқа билеттердің бағасы әзірге бекітілмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Билеттердің құны мен сатылым орындары УЕФА-мен келісілгеннен кейін ресми түрде хабарланады. Халықты алаяқтарға алданып қалмауға шақырамыз. Барлық ақпарат министрлік пен клубтың ресми арналарында жарияланады», – деді министр.
Еске салайық, «Қайрат» футбол клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетіп, әлемнің ең танымал клубтарының бірі «Реал Мадридпен» бақ сынасады. Кездесу 30 қыркүйекте Алматыда өтеді.