Ұлытау облысында пойыз жолаушылары жарақат алды
Машинист жолда тұрған жүк вагонымен соқтығыспау үшін шұғыл тежеуішті қолданды

Ұлытау облысында шұғыл тежеуішті қолдану кезінде пойыз жолаушылары жарақат алды , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Теміржолда жүк вагоны тұрған
"Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше төтенше жағдай 24 тамызда сағат 21:38 – де Қызылжар – Түйемойнақ аралығында болған.
«№107 Жезқазған-Астана бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі жолда тұрған жүк вагонымен соқтығыспау үшін кедергіге 300 метр қалғанда 12 км/сағ жылдамдықпен шұғыл тежеуішті қолданды», - деп жазылған хабарламада.
Жолаушылар жеңіл жарақат алды
Компанияның мәліметінше локомотив бригадасының жедел және кәсіби әрекетінің арқасында елеулі зардаптар болмаған.
«Зардап шеккендер жоқ, кейбір жолаушылар шұғыл тежеу нәтижесінде жеңіл жарақат алды», - дейді мамандар.
Пойыз 23:14-те жүрісін жалғастырды. Теміржол инфрақұрылымы мен локомотив зақымданған жоқ.
Комиссия құрылды
Оқиға себептері анықталып жатыр. Мән-жайды анықтау үшін Басқарма төрағасының орынбасары бастаған комиссия оқиға орнына аттанып кетті.