Ақмолада бір отар қойды пойыз қағып кетті – полиция қорқынышты кадрларды жариялады

Автор: Бақыт Шынар

Мал иесіне 20 мың теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото: Көліктегі полиция департаменті

Ақмола облысындағы теміржолдың бойында, «Қараадыр – Жалтыр» аралығында жүк пойызы бір отар қойды басып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көліктегі полиция департаменті хабарлағандай, пойыздың машинісі қойларды көре сала бірден тежегіш басқан. Бірақ, бәрі бір 21 қойды басып кеткен. Осының салдарынан пойыз өз кестесінен 19 минутқа кешігіп қалған.  

«Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана стансасындағы Желілік полиция басқармасының қызметкерлері теміржол аумағында үй жануарларын баққан Ақмола облысының 40 жастағы тұрғынын анықтады. Ер адам темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Департамент бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Полиция оқиға орнында пойыз басып кеткен қойлардың қорқынышты суреттерін жариялап, малы бар халыққа ескерту жасады. Көліктегі полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 166 жылқыны, 82 ірі қараны, 43 ұсақ малды пойыз басып кеткен. Малдарын теміржолдың бойына шығарып жіберген 305 адамға айыппұл салынған.