Жездесі ең бірінші рет зорлағанда қыз бала небары 14 жаста болған
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, оны зорлаған ер адамға қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталған ер адам – қыз баланың туған жездесі. Сот барысында прокурор жан түршігерлік жағдайларды жария етті.
«Жездесі 2009 жылғы балдызын алғаш рет 2023 жылдың маусым айында (бала небары 14 жаста болғанда), кейін 2024 жылдың наурыз және желтоқсан айларында, 2025 жылдың қаңтар айында өзі тұратын үйде күш қолданып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған. 2024 жылдың күзінде және 2025 жылдың қаңтар айында ол қызды зорлаған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің өкілі, куәлер мен сараптама қорытындылары ер адамның кінәсін толық дәлелдеген. Прокурор сотталушыға кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қыз баланың жақындары да оны барынша қатаң жазалауды өтінген.
«Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталып отырған адамның кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін ескерген, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Осы және өзге де мән-жайларды ескерген сот балдызын зорлаған ер адамды Қылмыстық кодекстің 121-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағы, 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сот сондай-ақ қыз балаға 5 млн теңге моральдық зиян және 1,6 млн теңге мүліктік залал сомасын өндіру туралы қаулы шығарды.