Шымкентте журналистке тілін шығарған судьяның басы дауға қалды
Оның ісін енді әдеп комиссиясы қарайды

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Шымкент қаласының сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған Ернар Жиембайдың соты өтіп жатыр. Осы істі қарап жатқан судья Әбинұр Қарабаев процесті түсіруге келген журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарып, ерсі қылық танытқан. Шымкент сотының баспасөз қызметі судьяға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, оның ісі тексеруге жататын қылық.
«Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарау кезінде төрағалық етуші судья Әбинұр Қарабаевтың әрекеті Судья әдебі кодексінің талаптарын бұзуға жол беру бойынша тексерілуге жатады. Заң талаптарына сәйкес қызметтік тексеру тағайындалады. Оның қорытындысы бойынша құжаттар Судья әдебі жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі. Судьяның беделін түсіретін фактісі расталса, құжаттар Жоғарғы Сот Кеңесінің Сот жюриіне жолданады», - деп хабарлайды Шымкент сотының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінен нақтылағандай, қандай жағдай болмасын сот судья әдебін бұзатын қылыққа жол бермеуі керек.