Жарнама түсіру үшін түйеқұстың мойнын бұраған блогер ескертумен құтылды (ВИДЕО)
Полиция жан-жануарларға қатігездік танытуға болмайды деп шығарып салған

Күні кеше хабарлағынымыздай, Астанадағы донер сататын мекеменің иесі түйеқұсты қинап, видео түсірген. Астана қаласының полиция департаменті Azattyq Rýhy редакциясына осы мәселеге қатысты комментарий берді.
Полиция департаменті аталған дерек бойынша жануарға қатыгездік көрсету фактісі тіркелмегенін мәлімдеді. Яғни, полиция анықтағандай, блогер жарнама түсіру үшін түйеқұсты Сарыағаштан Астанаға әкелген. Қазір жануар Қоянды ауылындағы фермада.
«Полиция анықтағандай, видеодағы адамдар түйеқұсты көлікке тиеу үшін мойнынан ұстап тұрған. Қатігездік таныту фактілері расталған жоқ. Полиция жануар иесіне қатігездік көрсетуге болмайтыны туралы және жануарларды мұндай мақсатта пайдалану кезінде тиісті талаптар мен нормалардың сақталуы қажет екенін түсіндірген», - деп хабарлайды Астана қаласының полиция департаменті.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада донер пісіретін «Ахмет донер» атты дәмхананың иесі мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасына түйеқұстың бірнеше видеосын таратып, жұрттың ашуын туғызған еді. Дәлірек айтсақ, ол «түйеқұс екеуміз Астананы шулату үшін келдік» деп түйеқұсты қамап тұрған видеосын салған.
«Еңсеңді тік ұста, басыңды көтер», - деген ол құсты мазақ етіп тұр.
Сондай-ақ белгісіз ер адам түйеқұс пен дәмхананың иесін видеоға түсіре отырып, «Ахмет түйеқұстан донер пісіреді» деп қалжыңдайды. Тағы бір видеодада дәмхананың иесі мен бір жігіт құстың мойнын бұрап, оны дәмхананың қабырғасына итеріп, ғимараттың ішіне қарай күшпен тартып жатыр.