«Шашы ұзын, көзі көк»: Астана маңындағы Қоянды ауылында 16 жастағы жасөспірім қыз із-түссіз жоғалып кетті
Гүлсінай Алмасханды жақындары 12 күннен бері таба алмай жатыр

Астана маңындағы Қоянды ауылында тұратын адам 2008 жылғы немересіне іздеу салады: 16 жастағы Гүлсінай Алмасхан 25 шілде күні кешкі 19:00-ден үйінен шыққан қалпы із-түссіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дабыл қаққан Ақмола облысының полиция департаменті қыз баланың қайда кеткені белгісіз дейді. Дереккөзге сүйенсек, бала 25 шілдеден бері хабарсыз кетсе де туыстары 2 тамыз күні арыз жазған.
«2025 жылдың 2 тамызда Қоянды ауылының тұрғыны Целиноград ауданының полиция бөліміне келіп, 2008 жылғы немересі Алмасхан Гүлсінайдың жоғалып кеткені туралы өтініш жазды. Қыз бала 25 шілде күні сағат 19.00 шамасында үйден кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған. Ерекше белгілері: дене бітімі арықша келген, бойы 165 см, шашы ұзын, көздері көк. Үстіне ақ футболка, ақ шалбар және сары кроссовка киген», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.
Қазір полиция Гүлсінай Алмасханның суреттерін таратып, Астана қаласындағы аудандарға және Астананың полиция департаментіне ақпарат берген.
«Қызды көргендер болса, немесе оның орналасқан жері туралы ақпараты бар адамдардан 102 телефонына шұғыл ақпарат беру керек», - деп хабарлайды Ақмола облысының полициясы.