Америкада тұратын қазақтың әуесқой дзюдошысы ауыр жарақат алды - оған шұғыл көмек керек
Жасұлан Жұмағали мойын омыртқасын үзіп алған

Америкада тұратын отандасымыз, дзюдодан әуесқой спортшы Жасұлан Жұмағали ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Айта кетейік, Azattyq Rýhy тілшісі осы күндері жерлесіміз Жасұлан Жұмағалидан сұхбат алуды жоспарлап отыр еді. Ол Сан-Диегода дзюдодан өткен California State Games жарысында 9 жекпе-жек өткізіп, 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп, қуанышын жария еткен болатын.
Жасұланның жарақат алғанын жазған актер Нұртас Адамбай дзюдошының жарыстардың бірінде мойын омыртқасын үзіп алғанын айтты.
«Құрметті достар, сіздерге жүрегіміз қан жылай отырып, көмек сұрап жазып отырмыз. Жасұлан жақында өткен жарыста ауыр зардап шекті. Оның мойын омыртқасы үзіліп, жедел операция жасалды. Қазіргі уақытта оның денесі ештеңе сезбейді. Аяқ-қолы ісіп кеткен. Алда ол ұзақ оңалудан өтеді. Мақсатымыз бауырымыздың аяққа тұрып кетуіне көмектесу. Жасұлан ардақты әке, қолына қарап отырған кішкентай балалары бар. Бұл трагедия оның отбасына қатты ауыр тиді», - деп жазды ол.
Спортшымен жеке таныс Нұртас Адамбай Жасұланның үнемі адамдарға көмектесіп жүретін, ақжарқын жігіт екенін айтады.
Ол АҚШ-та тұрып жатқан отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды. Жасұланға көмектескісі келген азаматтар мына нөмір арқылы оның туған ағасы Ерлан Жұмағалиға ақша аудара алады: +7 778 112 5658