Ақтау маңында бес баланың әкесі екі адамды құтқарып, өзі ажал құшты
Сол күні Ерлан Шонтабаев достарымен теңіз жағасына демалуға барған

Ақтау маңында ер адам екі адамды құтқарып қалды, бірақ өзі суға батып кетті. Оның артында бес баласы қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік Lada басылымының хабарлауынша, қайғылы оқиға өткен демалыс күндері Каспий жағалауында болған. Ақтау іргесіндегі демалыс базаларының бірінде Құрық ауылының 39 жастағы тұрғыны Ерлан Шонтабаев жастарды құтқарып, өзі көз жұмды. Ер адамның туыстарына облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының атынан Алғыс хат табыс етілді.
Марқұмның туыстарының айтуынша сол күні Ерлан Шонтабаев достарымен теңіз жағасына демалуға барған. Олар ішімдік ішпеген. Жақын жерде тағы бір демалушы топ – екі қыз және екі жігіт болған. Шомылып жүрген қыздар суға бата бастайды. Олардың достарының бірі көмекке ұмтылса, екінші жігіт басқаларды көмекке шақырған.
«Көмек сұрап айғайлаған дауысты естіген Ерлан Шонтабаев ойланбастан суға сүңгіген. Қыздарды құтқарады, бірақ жігітті шығаруға барғанда ол үйрейге бой алдырып, Ерлан Шонтабаевтың аяғынан тартқан болса керек, екеуі де суға кеткен», - дейді туыстары.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде екі қызды құтқармақ болған екі ер адамның суға кеткені анықталғанын хабарлады.
«1986 жылы туған ер адамның мәйіті жағадан 10 метр жерден табылып, құрғақ жерге шығарылды. 2001 жылы туған екінші марқұм сағат 00:05-те табылып, судан шығарылды. Оның денесі 1,5 метр тереңдікте, жағадан 10-15 метр жерде болған», - деп хабарлады облыстық ТЖД.
Ерлан Шонтабаевтың артында әйелі мен бес баласы қалды, олардың кенжесі небәрі үш айлық еді.
Кеше марқұмды туған-туыстары мен жақындары Құрық ауылында ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеуге құтқарушылар да қатысып, отбасына көңіл айтып, марқұмның жұбайына Алғыс хат табыс етті.
«Ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ерланның отбасына Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұхановтың атынан алғыс білдірілді», - делінген хабарламада.