$ 542.03  627.29  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ІІМ интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрлерін атап, сақтыққа шақырды

Былтыр DeepFake технологиясымен байланысты алаяқтыққа 4 500 қылмыстық іс ашылған 

ІІМ интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрлерін атап, сақтыққа шақырды
Фото: Freepik

Соңғы жылдары елімізде интернет-алаяқтық фактілері күрт өсіп отыр. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы осындай 21 630 қылмыс тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 22 560-қа жеткен. Ал биыл жылдың алғашқы жартысында 11 600-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі таңда алаяқтықтың ең кең таралған түрі – интернет сауда арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Алаяқтар танымал сауда платформаларында немесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарландырулар орналастырады. Көп жағдайда күмән туғызбайтын төмен баға ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ішкі істер министрлігі азаматтарға мұндай алаяқтық схемалардан сақ болу үшін тексерілген және сенімді интернет-платформаларды пайдалануға кеңес береді. Ешбір жағдайда жеке деректерді – банк картасының нөмірін, CVV кодын, SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға беруге болмайды. Егер сатушы өзге қалада болса, тауарды таныстары немесе туыстары арқылы тексертіп, жеткізу жолын ұйымдастырған дұрыс.

Тағы бір кең тараған тәсіл – өздерін банк, полиция немесе өзге де мемлекеттік органдар қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға телефон шалу. Алаяқтар қоңырау кезінде адамның сеніміне кіру үшін жасанды интеллектпен өңделген дауыс қолданады. Олар «қаражатыңызды қорғау» деген желеумен азаматтарды өз ақшаларын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Нәтижесінде, жәбірленушінің ақшасы алаяқтардың есепшотына түсіп, кейін басқа шоттарға жіберіледі немесе қолма-қол ақшаға айналады.

Кей жағдайларда азаматтар өз еркімен несие рәсімдеп, алаяқтар кеңесімен арнайы қосымшалар орнатып, телефонын қашықтан пайдалануға рұқсат беріп қояды. Осылайша, банк жүйесіндегі барлық қауіпсіздік шараларының айналып өтуіне өздері көмектеседі. ІІМ алаяқтардың ешбір банктің немесе құқық қорғау органының қызметкерінің адамдардан жеке деректерді сұрамайтынын, сондай-ақ телефон арқылы операция жүргізбейтінін қатаң ескертеді.

Қазір интернеттегі алаяқтар танымал тұлғалардың бейнесін DeepFake технологиясы арқылы жасап, олар атынан қаржы ұйымдары мен криптобиржалардың жалған сайттарын жарнамалайды. Мұндай сайттар арқылы тұрғындарды оңай әрі тез пайда табуға шақырып, кейде сенімділік ұялату үшін символдық «дивидендтер» де аударады. Әрі қарай байланыс тек мессенджерлер арқылы жүргізіледі.

Өткен жылы осындай алаяқтық фактілері бойынша 4 500 қылмыстық іс ашылып, 1 500-ге жуық күдікті жауапқа тартылған. ІІМ мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасында киберқылмысқа қатысы бар жағдайлар тіркелмеген.

Алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында ІІМ интернет кеңістікте күдікті ресурстарға мониторинг жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері 9 661 заңсыз интернет-ресурс анықталып, бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері 51 166 профилактикалық кездесу өткізіліп, 779 929 жадынама мен ақпараттық брошюра таратылған. Тұрғындарға алаяқтардың әрекет ету тәсілдері түсіндірілген.

Министрлік егер интернет-алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда, дереу полицияға жүгініп, толық әрі нақты ақпарат беруі қажет. Оның ішінде қылмыскермен байланыс тәсілі, қолданылған нөмір, алдау әдісі, ақшаның аударылған шоты, залал көлемі және басқа да деректер бар. Азаматтар уақтылы және толық мәлімет берсе, құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуіне тікелей әсер ете алады.

Серіктес жаңалықтары