$ 541.45  631.17  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жоғалған тікұшақ бірнеше күннен бері табылмай жатыр: министрлік не дейді

Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды

Жоғалған тікұшақ бірнеше күннен бері табылмай жатыр: министрлік не дейді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сорбұлақ су қоймасы аймағында жоғаған тікұшақты іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қосымша күш-құралдар жеткізілді

Сорбұлақ су қоймасы аумағында іздеу-құтқару операциясы 28 шілде күні таңертең де жалғасты.

«Сағат 04:30-дан бастап су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілді, сонымен бірге ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақта ұшу жүргізілді», - деп жазылған хабарламада.

Іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігін жердегі және судағы топтар қосымша іздеді. Аймақты жан-жақты қарау үшін су айлағы шартты түрде секторларға бөлінген. Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылуда.

Күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді.

«Оның ішінде Қонаев қаласынан – іздеу бөлімшесі, оған қоса Ақтау қаласынан – А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника да бар. Құрамында су айдынының жету қиын учаскелерін зерттеуге арналған сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар, катер мен қайық та бар», - дейді мамандар.

Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасып жатыр. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Барлық шара қабылданды

Операция күрделі гидрография жағдайында өтіп жатыр.

«Соған қарамастан барлық жұмылған бөлімшелер жүктелген міндеттерді барынша дәл және үйлесімді орындауды жалғастыруда», - деп жазылған хабарламада.

Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп іздеуді аяқтау үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатыр. Жаңа деректердің түсуіне қарай қосымша ақпарат беріледі.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы жоспарлы ұшу кезінде радардан жоғалып кеткен. Әуе кемесінің бортында үш экипаж мүшесі болған.

 

Серіктес жаңалықтары