Кейін ол суицид жасаған
Таиландтың Накхонратчасима қаласының тұрғыны Ной Прайдаен Бангкок қаласындағы Ор Тор Кор азық-түлік базарында қарулы шабуыл жасап, бір сатушы мен төрт күзетшіні атып өлтірді, кейін өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, оқиға жергілікті уақытпен 12:38-де басталған. Қару қолданған қылмыстың салдарынан тағы екі әйел жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Қаскөйдің денесі базар ғимараты ішіндегі орындықтан табылған. Полицейлер марқұмның жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігі арқылы оның 61 жастағы Накхонратчасима ауданының тұрғыны екенін растады.
Қазіргі таңда Таиланд полициясы қылмыскердің шабуыл жасау себебін тергеп жатыр. Әзірге оның әрекетіне не себеп болғаны белгісіз.