Желі жұлдызына айналған Ақмоншақ Нұртаза мектеп директорлығынан кететінін айтты
Ол желідегі парақшасына бір ауыз сөз жазып қалдырды

Димаш Құдайбергеннің әніне арналған челленжге қатысып, TikTok - тағы видеоларымен танымал болған мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза қызметінен кеткенін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бәрін тоқтаттым. Мектеп, қызмет, әлеуметтік желі»,- деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
Еске салсақ, Астанадағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза 11-сыныпты тәмамдаған түлектерімен бірге Димаштың орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне арналған челлендж түсірген. Оның видеосы 3,1 миллион қаралым жинап, жеңімпаз атанып, Диамштың Лондондағы концертіне билет ұтып алған болатын.
Мектеп директоры желіде өте белсенді. Ол мектеп қабырғасында оқушыларымен жиі видео түсіреді, жарнама да түсіреді, блогерлермен де жиі көзге түседі.Жоғары сыныптың оқушыларымен бірге шай ішіп, сырласып, өзінің «директормен шай» деген кішігірім жобасын бастаған. Ақмоншақ Нұртазағаның кәсіби қызметіне байланысты жұрттың пікірі екіге жарылған. Кейбірі оны «жаңалыққа құмар, заман көшінен қалмайтын басшы» десе, басқалары «өзін директорлық қызметке өзін сай ұстамайды, нағыз жұмысті желідегі бимен емес, іспен көрсетуі керек» деп сынаған.