Өткен демалыста алматылық құтқарушылар 9 саяхатшыға көмек көрсетті
Құтқарушылар туристерді тау бөктерлерінде жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Өткен демалыста алматылық құтқарушылар 9 туриске көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Жексенбі күні құтқарушылар үш мәрте құтқару операциясын жүргізді. Түс ауа Талғар шатқалы ауданында 31 жастағы әйел адамның буыны тайып кетіп, құтқарушылар көмекке келген.
Сол күні кешке таман адасып кеткен 3 адамды Алматы құтқарушылары Букреев шыңынан (теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктіктен аса) қалаға дейін жеткізген.
Сондай-ақ, тағы бір турист аяғының жарақатымен өткен түні «Панорама» шыңының маңынан құтқарылған. Бес турист шыңға шығу барысында адасып кеткен.
Күрделі таулы жерлерде жүргізілген құтқару операциялары таңға қарай аяқталды. Барлығына дәрігерлік көмек көрсетілді.
Өткен демалыс күндері құтқарушылар тауда қиын жағдайда қалған 9 туриске көмек көрсетті.
Алматы құтқарушылары туристерді тау бөктерлерінде жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.