Нұр-Сұлтанда 118 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған кәсіпкерлер сотталды
Екі кәсіпкерге 6 жылдан жаза кесілді
Нұр-Сұлтандағы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ның бюджеттік қаражатын ірі көлемде жымқырған екі кәсіпкер сотталды деп хабарлайды Аzattyq ruhy тілшісі Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.
Сотталған кәсіпкерлер өз бақылауындағы кәсіпорындарға адамдарды тек қағаз жүзінде қызметке орналастырған да, олардың жалақысын өздері алып отырған. Сонымен қатар, олар технологиялық процестерді жетілдіру бойынша техникалық жабдықтау шығындары 118 млн теңгені құрады деп, аталған соманы өздері өндіріп алған.
«Көрсетілген мемлекеттік қаржылық көмек ең алдымен орта және шағын бизнесті қолдауға, сонымен қатар тауар, жұмыс және қызмет көрсетудің өзіндік құнының түсу салдары мен шығынды өтеуге арналған», - делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы сотының үкімімен кәсіпкерлер ҚК 190-бабының 4-бабына (алаяқтық) сәйкес, кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысы енді 5 жыл бойы бюджет қаражатын алуға қатысты қызметпен айналыса алмайды және сот екеуінің әрбіріне 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Сот сонымен қатар, ынтымақтық тәртіпте кәсіпкерлерден «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ пайдасына мүліктік залал есебінде 118 млн теңге мен мемлекет кірісіне әр кәсіпкерден 1 770 000 теңгені мемлекеттік бажға өтеу түрінде өндіріп алуға қаулы шығарды», - делінген хабарламада.