Бүгінде облыста 346 адамнан коронавирус анықталған
Павлодар облысында КВИ-дан көз жұмғандар саны 12-ге жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
«Коронавирустық инфекция расталған Екібастұз қаласының тұрғыны, 1971 жылы туған әйел адам эндокринологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұрған. Анамнезінде бүйректің созылмалы ауруы, май алмасуының бұзылуы бар. 1 маусымда емханаға бел аймағындағы ауырсыну шағымдарымен жүгінген. Емдеу тағайындалды, ұсыныстар берілді. 3 маусым күні емхананың учаскелік дәрігеріне қайта қабылдауға келген. Науқастың жағдайы нашарлап, сирек құрғақ жөтел, жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі байқалған. Диагностика жүргізіліп, өкпесінде өзгерістер бары анықталды. COVID-19-ға талдау алынып, шұғыл түрде пациентке провизорлық стационарға жатқызу ұсынылды, алайда әйел ауруханаға жатқызудан бас тартты», - делінген басқарма хабарламасында.
Әйел адам 4 маусымда провизорлық стационарға дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, күштің төмендеуі, дене жүктемесі кезінде ентігу, тамақ ауруы шағымдарымен өзі жүгінген. Ауруханаға түскен сәттен бастап пациенттің жағдайының динамикасында теріс көрсеткіштер болып, қарқынды терапия жүргізіледі.
«5 маусымда зертханалық тестілеу нәтижесі COVID-19 вирусын жұқтырғанын растады. Пациентті жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауыстырды. 7 маусымда жансақтау бөліміне ауыстырылды. Пациенттің жағдайы созылмалы және қосалқы аурулары есебінен ауыр болды. 10 маусымда өкпенің жасанды желдетуіне ауыстырылды. Әйел адамның жағдайы нашарлады. Пациентке барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, қажетті мамандарға кеңес беру ұйымдастырылды, сондай-ақ күн сайын Нұр-сұлтан қаласының шұғыл медицинаның ұлттық үйлестіру орталығының сараптама тобымен консилиум өткізілді. Емдеу бекітілген стандарттарға, ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына сәйкес жүргізілді», - деді басқармадан.
Жүргізілген қарқынды терапия мен көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, 2020 жылғы 14 маусымда сағат 3:20-да пациенттің биологиялық өлімі анықталды.
«Өлім-жітімді зерттеу жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес өлім жағдайы коронавирустық инфекциядан болып тіркелді. Қайтыс болған адамның туған-туыстарына көңіл айтамыз», - деді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысында 346 адамда коронавирус анықталған. 186 адам індеттен емделіп шықса, 12 адам инфекциядан көз жұмды.