Балалардың жағдайы ауыр
Көкшетауда бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шығып, үш бала зардап шекті. Жедел жәрдем оларды ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер үшеуінің жағдайы ауыр екенін айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балалардың үлкені - 8 жаста, ортаншысы 7-де болса, ең кішісі 4 жасқа жаңа толған. Ал, қою түтінге тұншыққан 35 адам өз үйлерінен түн ішінде қашып шығуға мәжбүр болған.
«Алдын ала болжам бойынша, ата-анасы жерлеу рәсіміне жол жүріп кеткен үш бала 21 жастағы әпкелерімен бірге үйде қалған. Әпкесі дүкенге азық-түлік алуға шығып кеткен. Дәл сол кезде пәтерден өрт шыққан. Өкінішке қарай, үш бірдей бүлдіршін ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Өрт сөндірушілер оқиға орнына үш минут ішінде жеткен. Өрт 22.52 ауыздықталып, төрт минут ішінде толықтай сөндірілді. Өрт сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 20 қызметкері, қалалық полиция басқармасының 12 полицейі мен жедел жәрдем дәрігерлері жұмылдырылды», - деді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Максим Шатковский.
Белгілі болғанындай, екі балақайды өрт сөндірушілер келгенше сол үйде тұратын көршілер жанып жатқан оттың ортасынан алып шыққан. Үшінші баланы өрт сөндірушілер құтқарып қалғаны анықталды. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті ата-аналардан кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмауды және отпен ойнаудың аса қауіпті екенін түсіндіріп, аса сақ болуды өтінеді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы