«Шакентиді таңдаған қыздың өзі кінәлі»: продюсер Жан Мұқанов әріптесін жақтады

Автор: Темірхан Айжан

Продюсер экс-сүйіктісіне қол көтерген актерды жаппай айыптауға келіспейтінін айтты 

Фото: скрин

Шоу-бизнес тұлғаларымен етене жұмыс істеген продюсер Жан Мұқанов «Цукербергтің көршісі» подкастында сүйіктісін ұрған Шәріп Серікті жақтай сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің досы емеспін, бірақ үнемі ашық-жарқын жүретін ақкөңіл жігіт. Оның қызды жұлмалап, тартқылағанын қолдамаймын, бірақ ол жағдайда қыз да кінәлі. Себебі сол қыз Шакентиді өзі таңдады. Дұрыс жігітті таңдауды үйреніңіздер. Шакентиге жаппай қарсылық білдіріп, оның шығармашылығынан бас тарту дұрыс емес деп есептеймін», - деді ол.

Еске салсақ, Шакенти лақап атымен танымал актер Серік Шәріп бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутееваға зорлық-зомбылық көрсеткен. Бойжеткен оның видеосын әлеуметтік желідегі парақшасына жариялағаннан кейін қоғамда актерға қарсылық басталды. Содан кейін Серік Шәріптің бұрынғы жұбайы, танымал рэпер Say Mo (аты-жөні – Мөлдір Есембек) пікір білдіріп, бірнеше жыл бұрын өзі де одан таяқ жегенін айтқан. Sәlem Entertainment компаниясы Серік Шәріппен әріптестігін тоқтатты. Медиакомпания оны қара тізімге енгізгенін атап өтті. Өз кезегінде актер жасаған ісіне өкінетінін, заң аясында өзінің жазасын алуға дайын екенін айтты. Серік Шәріптің үстінен іс қозғалып, 5 тәулікке қамалып шықты.