«Ерлердің жыныс мүшесін өсіретін дәрі салды»: астаналық әйел косметологқа оңбай алдандым дейді

Автор: Темірхан Айжан

Ольга Каслованың айтуынша, дәрілерден кейін оның беті адам танымастай ісіп, домбығып кеткен 

Фото: Freepik

Астанадағы медициналық орталық клиенттің бетіне ер адамның «жыныс мүшесін өсіретін» дәрі егіп, көз жанарынан айыра жаздаған көрінеді. Azattyq Rýhy осылай деген келіншекке хабарласып, процедурадан кейінгі түрін көрді. 

Ольга Каслова мамыр айының ортасында құрбысының ұсынуымен орталыққа жүгінген. Бетінің әрін сақтауды ойлаған ол косметолог маманның біліктілігіне сенген. Ольгаға бірден 4 түрлі препаратты салған. Осыдан кейін оның беті адам танымастай ісініп, дене қызуы көтерілген.

«Астаналық косметолог денсаулығымнан айырды, көру қабілетімді бірнеше есеге нашарлатты. Елестетудің өзі қорқынышты асқынуға алып келді. Ол бетіме биоревитализант, диметиламиноэтанол, полимолекулалық қышқыл Illuma 500 салып, мезожіпті қойып берді. Ол полимолекулалық қышқылды енгізуге арналған арнайы құралмен емес, жартысын маңдайыма кәдімгі шприцпен енгізді. Препарат өте қою болды. Кейін өзімді өте нашар сезіндім, ағзам препаратты қабылдамады. Ағзаның реакциясына қарап, оның сапасыз екенін, ағзамның одан құтылуға тырысқанын түсінуге болады. Маңдайыма салған соң артерия қысылып, солқылдап, басым ауырды. Маңдайымда қауіпті түйіндер пайда болды. Менде неврологиялық асқынулар басталды. Ағза уланып, көзіме әсер етті. Көру қабілетім бір жарым апта ішінде үш есе түсіп кетті, қазір бәрін бұлдыр көремін. Бір жарым айдан бері салынған заттар теріге жайылып кеткенін білемін»,- деді жәбірленуші.

Әйелдің сөзінше, маман Қазақстанда тыйым салынған препараттарды шетелден заңсыз тасымалдайды.

«Полицияға арыз жаздым, заңгермен де сөйлестім. Косметологтың сертификаты жоқ препараттарды қолдануына байланысты қылмыстық іс қозғалсын деймін. Менің материалдық және моральдық шығынымды өтетіп, оның қызметін мүлде тоқтатқанын қалаймын. Ол осы уақытқа дейін менің жағдайыма тіпті алаңдаған емес. Ал өзіне төлеген ақшаны қайтарудан бас тартты», - деді Ольга.

Жәбірленушінің сөзінше, косметолог шетелден заңсыз дәрі әкелетінін тіпті жасырмаған.

«Ол заңсыз препаратты қолданады, оны менен жасырған жоқ. Әуелі франциялық препарат әкелгісі келді, бірақ кеденде ұстап қалған. Маған жазған хаты бар, сонда айтады. Сосын ол басқа дәріге тапсырыс беретінін айтты. «Денеге арналған деп жазылып тұрады, бірақ сен оған мән берме» деді. Интернеттен ақпарат іздеп, қарасам ер адамның жыныс мүшесіне арналған екен. Бұл косметологиялық қызметті бірінші алып тұрған соң, ақыры немен аяқталарын сезбедім, оған сендім. Ол дәрігер ғой, білетін шығар дедім», - дейді әйел.

Ол косметологқа өзінің жағдайын айтып, хабарласып отырған. Бірақ маман оны «бәрі осылай болуы тиіс» деп сендірген.

«Анельге үнемі хабарласып, көмек сұрадым. Алғашында ол менің жағдайым соншалықты қиын емес екенін айтып, маған көмектесуден бас тартты, тіпті хабарламаларыма сирек жауап берді. Мен оған қайта-қайта қоңырау шалып, хат жазып отырдым. Ол маған «нимесил іш, кетеді» деген түкке тұрғысыз кеңес беретін. Бірақ ең қорқыныштысы кейін басталды. Анель бұл жағдайды «коллагенизация» деп атап, бұған шыдай тұру керек екенін айтты. Мен оған сендім, алайда жағдайым нашарлай берді. Арада үш апта өтті, бірақ менің қызуым түскен жоқ, әлсіздік басылмады», - дейді ол.

Ольга денсаулығының күннен-күнге нашарлап бара жатқанынан қорқып, дәрігерге қарала бастаған. Бірақ 3 аптада жоғатқан көру қабілетінің қайта орнына келмейтінін түсінген.

Ол косметологиялық қызметке 500 мың теңгеге жуық ақша төлеген. Сұлулығын сақтаймын деп біліксіз маманған ұрынған әйел енді бұрынғы қалпына келіп, емделу үшін ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүр.Ольга қазір гормонды дәрілерді ішуге мәжбүр.

«Тексерілу үшін Мәскеуге ұшып келіп отырмын, шығын шаш етектен келді. Мұндағы ем-домның бағасы өте қымбат. Оның үстіне мен қазір жұмыс істей алмай қалдым. Қаражатым жетер-жетпесін білмеймін», - деді астаналық Ольга.

Осы оқиғаға байланысты редакция құзырлы мекемелерге сұрау жолдады.