«Жүрегі тоқтап қалған адамды тірілтіп алдым»: Қызылағаштағы жас фельдшер таңғажайып оқиғасын айтып берді

Автор: Темірхан Айжан

24 жастағы Саят Мырзанов қоғамдық өмірге де белсенді араласып жүр 

Фото: Саят Мырзановтың жеке мұрағатынан

Биыл көктемде ауыр жағдайда жатқан науқасқа атпен шауып жеткен жас дәрігер естеріңізде болар. 24 жастағы Саят Мырзанов әйелге дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, өлімнен алып қалған. Жолдың қиындығына қарамастан, ауруханаға жеткізіп, тиісті маманның қолына тапсырған. Қазір әйелдің денсаулығы жақсы, өзін құтқарған дәрігерге үнемі хабарласып тұрады. Azattyq Rýhy тілшісі Астанада өткен «Дәрігер Talks» «AMANAT» партияcының диалог алаңында сөз сөйлеген Саят Мырзановпен хабарласып, тағы бір таңғажайып туралы естіді.

«2025 жылдың 7 наурызында шамамен сағат 12:00-де шаруа қожалығынан 2 санаттағы жағдай (қан қысымы мен температура күрт көбейген) бойынша шұғыл қоңырау түсті. Дереу жедел-жәрдем көлігімен жолға шықтым. Алайда, тас жол біткен жерге дейін барып, ары қарай көлікпен бару мүмкін болмады. Қыстың ызғары әлі кетпеген, күн суық еді. Науқастың туысына хабарластым. Ол кісі туысқанының жағдайы ауыр екенін айтып, қалай да келуімді өтінді. «Онда атпен келіңіз» дедім, келген соң атқа мініп, науқасқа жеттік. Науқасқа алғашқы көмек көрсеткеннен кейін оны ауруханаға жеткізу қажет болды. Бастығыма хабарласып, төтенше жағдайлар қызметінен арнайы көлік сұраттым. Сонымен науқасты тас жолға дейін жеткізіп, ары қарай жедел-жәрдем көлігіне ауыстырып, ауруханаға аман-сен жеткіздік», - деп еске алды ол.

 Саят Мырзанов тағы бірде жүрегі тоқтап қалған адамды тірілтіп алған.

«24 сәуірде сағат 13:00–14:00 шамасында шұғыл қоңырау түсті. Шақырған үйге  барғанымызда, науқастың жүрегі тоқтап қалған екен. Жүргізушім Тоқмадиев екеуміз дереу реанимациялық шараларды бастадық. Қасымда жүргізушім Тоқмадиев болды. Шамамен 15-20 минут жасалған реанимациядан кейін науқастың жүрегі қайта соға бастады, есін жиды. Біз оны облыстық кардиология бөліміне жеткіздік», - деді ол.

Саят Мырзановтың науқасқа атпен шауып барғаны әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің ықыласын бөленген болатын. Содан кейін дәрігерді телебағдарламалар, түрлі ақпарат құралдарының өкілдері сұхбат алуға шақырып, үш күн бойы телефонына тыным бермеген. Бірақ мақтанға жоқ, қарапайым дәрігер «жұмысымды елдің көзіне түсу үшін істемеймін, адам өмірін құтқару менің тікелей жауапкершілігім» дейді.

Саят жақында Астанада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Дәрігер Talks» форумына келіп,  алғаш рет 600-ден астам медицина қызметкерінің алдында сөз сөйледі. Форум барысында жедел жәрдем қызметіндегі тәжірибесін айтып, орта медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігі туралы пікірін жеткізді.

«Бұл салада қызмет ететіндердің еңбегі көп жағдайда дұрыс бағаланбайды. Жалақы мөлшері мен жұмысқа лайықты жағдай жасалса деймін. Кейбір науқастар үйіне шақыртумен барған жедел-жәрдем қызметкерлеріне құрметсіздік танытып, балағаттап жатады. Мұндай қиындықтарға қарамастан, өзімізге жүктелген міндетті орындауға тырысамыз», - деді ол.

Саят Мырзанов 2001 жылы Жетісу облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Мектепті 2018 жылы бітіріп, Талдықорған медициналық колледжінде оқыған. 2021 жылы әскери қызметін өтегеннен кейін жедел жәрдем қызметіне жұмысқа орналасқан. Қазір Қызылағаш ауылында жедел жәрдем бөлімшесінде жұмыс істейді.