Блогер Эльмира Озай қатігез пранкі үшін көше сыпырушы әйелдерге еселеп ақша таратқан (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Ол өзінің қатігез пранкі үшін жауапқа тартылмады 

Фото: скрин

Блогер Эльмира Озай тазалықшы әйелдерді ресторанға шақырып, ақша беріп, кінәсін жуып-шайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жақында алтын сатумен айналысатын блогер көше сыпырып жүрген әйелдерге дөрекі пранк ұйымдастырып, бірін жылатып тастаған еді.

Видеоға жүкті келіншек пен жас жігіт түскен. Ер адам көше сыпырушы әйелге айғайлап, намысына тиіп, қолындағы шемішкені лақтырып кеткен. Оған ара түсіп, сөйлеген әйелге де зекіп тастайды. Осы сәтте Эльмира Озай келіп, жігіттің қылығын «пранк» деп ақтап алады да, тазалықшыларға 5 мың теңгеден ұстатады. Блогердің видеосы қоғамдық резонансқа ұласып кетті. Көпшілік оны қатты сынап, жауапкершілікке тартуды талап етті.

Осыдан кейін Алматы полициясы дөрекілік көрсеткен жігітті 10 тәулікке қамады. Полиция департаменті пранктің жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, заңның бәріне ортақ екенін мәлімдеген. Алайда мұны ұйымдастырған блогер ешқандай жазаға тартылмады.

Көп ұзамай Эльмира Озай қатігез пранктің құрбандарын ресторанға шақырып, тамақ алып берген. Әйелдердің айтуынша, олар видеоға өз еркімен түскен «әртістер» екен. Жаман пікірлерден жүрегім ауырды деген блогер жылап-сықтап, өзінің өмірбаянын айтып, аудиторияның аяушылық сезімін туғызуға тырысты. Сонымен қатар ол екі әйелге тағы да 200 мың теңгеге жуық ақша беріп, олардың ризашылығын сатып алды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада көпқабатты үйдің лифтісіне жалған мәйіт қойып, баланың жүрегін ұшырған, ойыншық тапаншамен пранк жасаған блогерлер 15 тәулікке сотталып кеткен еді.