Белгілі ғалым Асқар Жұбанов дүниеден озды
Асқар Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың ұлы
Белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Жұбанов дүниеден озды. Қаралы хабарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Мейрамбек Таубалдиев естіртті.
«Тектінің тұяғы, асылдың сынығы, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Жұбанов Асқар Құдайбергенұлы дүниеден озды. Бұл - қазақ ғылымы үшін ауыр қайғы. Қазақ еліне, отбасына, ағайын-туысқа қайғырып көңіл айтамын. Бақұл болыңыз, асыл адам!», - деп жазды ол facebook парақшасында.
Асқар Жұбанов 1937 жылы 13 қарашада туған. Филология ғылымдарының докторы, өз өмірін математикалық лингвистикаға арнаған. Әкесі Құдайберген Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, тіл білімінің тұңғыш профессоры.