СҚО-да жас жігітті көлігімен қағып, ізін суытқан күдікті іздестірілуде
18 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды

7 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Полудино ауылының маңында 2002 жылғы жігітті көлік қағып кеткен. Ауыр дене жарақаты салдарынан бозбала орталық аудандық ауруханада көз жұмды. Оқиға орнынан қашып кеткен күдікті іздестірілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкелу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Аталған қылмысты ашу үшін ауданда СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жұмыс істеуде», - деді СҚО Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, толық құрамда СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобы, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмыстарын жүргізуде. Жедел іс-шараларды жүргізу шеңберінде автокөліктердің иелерін тексеру, куәгерлер мен көрген адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, сыртқы бейнебақылау камераларындағы жазбалар қаралып жатыр.
«Қазір жол-көлік оқиғасына кінәліні анықтауға көмегін тигізетін кез келген ақпарат маңызды болып отыр. Егер ауыл тұрғындары, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары, сол түні сол маңнан өткен жүргізушілер қандай да бір ақпарат білген болса, Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне - 50-03-99; СҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөліміне - 61-25-01 қоңырау шалуды өтінеміз; менің жұмыс телефоным - 39-40-16 немесе 102», - деді Петр Климов.
Аталған қылмысты ашу жөніндегі жұмыс СҚО Полиция департаменті және облыстық прокуратура басшылығының бақылауына алынды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО.