Атырауда қарақұрт шаққан үш адам реанимацияда жатыр
Мамыр айынан бері алты мал басын қарақұрт шағып өлтірген

Атырау облысында қарақұрт қаптағанын бұған дейін жазған едік. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті жәндік шаққан үш адам реанимацияға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасы сілтеме жасай отырып.
Қарақұртты өлтіруге қаржы бөлінбеген
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Атырау облысында қарақұрт қаптап, улы жәндіктер аула ішінде, қоғамдық орындарда, тіпті саябақтарда да құжынап жүр. Ал оны улауға бюджеттен ақша бөлінбеген.
Қарақұрттан әсіресе, Индер ауданының тұрғындары қауіптеніп отыр. Өйткені соңғы үш жылда бұл жәндік өңірде тым көбейіп кеткен.
Тұрғындар малдан бұрын бала-шағаны шағып ала ма деп қорқады. Мәселен, былтыр улы жәндік шаққан жүздеген төрт түлік арам қатқан. Тіпті адамдар да зиян шеккен көрінеді. Әйтеуір дер кезінде дәрігерге көрініп, аман қалған.
Индер ауданы әкімдігі қарақұртпен күреске бюджеттен қаражат қарастырылмаған дейді. Өйткені бұл улы өрмекшілер зиянкестер қатарына жатпайды екен.
«Индер аудан әкімдігі тарапынан қарақұртты аса қауіпті зиянкес ретінде реестерге тіркеу шарасының қабылдануына ұсыныс жолданды. Қазір қолданыстағы заңға сәйкес, қарақұртпен күрес үшін бюджет есебінен қаражат бөлу мүмкіндігі қарастырылмаған. Алайда жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен ошақтарын жою, дезинфекциялау жүргізіліп жатыр», - дейді Индер ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Айболат Сансызбаев.
Қарақұрт шаққан тоғыз адам ауруханаға түскен
Жалпы, Атырау облысының ауруханасына қарақұрт шаққан тоғыз адам түсіп, оның үшеуі реанимацияда жатыр. Жәндік мамырда ыстық түсе сала қаптаған. Адамнан бөлек қарақұрт малдарды көп шағып, алты мал басы өлген. Мал дәрігерлері қарақұрт шаққан 179 мал басын тіркеді. Қарақұрт ауыл шаруашылығына зиян тигізетін қауіпті жәндіктер қатарына кірмеген соң, оны жою үшін де еш шара қабылданбай отырған көрінеді.