Қостанай облысының бір бөлігін шегіртке басып қалды: АШМ не дейді
АШМ өкілі зиянкеске қарсы шаралар үздіксіз жүріп жатқанын айтады

Қостанай облысының оңтүстігіндегі Жангелді ауданын шегіртке басып қалды. Торғай-Шилі-Мыңлысай автожолында түсірілген видеода сансыз зиянкес жолды кесіп өтіп жатыр. Шегірткелер көлік жүретін жолмен қоса, жақын аумақтарға жаппай жайылып, жолындағы өсімдіктерді отап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазба авторларының айтуынша, шегіртке үйірі көлік қозғалысына қатер төндіруі мүмкін.
Бұл жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты АӨК-тегі Мемлекеттік инспекция комитетінің өкілі Бақдәулет Тілеуов пікір білдірді.
Оның сөзінше, Қостанай облысы бойынша жоспарланған 650,0 мың га жердің 260,5 мың гектары өңделген.
«Зиянкестерге қарсы шараларға 66 бірлік арнайы бүрку техникасы жұмылдырылған. Олардың ішінде 12 жерүсті вентиляторлы бүріккіш, 18 аэрозольді газогенератор, 13 аса жеңіл авиация ұшағы, 6 ұшақ және 17 ұшқышсыз авиациялық жүйе бар», - деді ол.
Бақдәулет Тілеуов Жангелді ауданындағы өңдеуге жататын жердің бәріне дәрі себілді деп сендірді.
«Ауданда шамамен 121,95 мың гектар жерде үйірлі шегірткелердің таралуы тіркелді. Осы жылдың 8 маусымындағы жағдай бойынша, ауданда 130,95 мың гектар жер зерттеліп, 87,74 мың гектар жер өңдеуге жататыны анықталды. Бұл аумақ толықтай өңделді», - деді ол.
Зерттеу жұмысына 69 адам қатысып, ал зиянкестерге қарсы шараларға 15 бірлік арнайы техника (агродрондар, дельтаплан, жеңіл авиация және т.б.) пайдаланылып жатыр.
Ол Қостанай облысындағы шегірткеге қарсы шаралардың барысын АӨК-дегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныбеков С.А. тікелей бақылауда ұстап отырғанын да атап өтті.