СҚО-да мас жүргізуші тізгіндеген көлік суға батып кетті
Оны көрген тұрғындар жүргізушіге көмектесудің орнына, көлікті суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген
Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізуші тізгіндеген «Nissan Almera Classic» маркалы автокөлігі аударылып барып көлге түсіп кеткен. Батып бара жатқан автомобильден сыртқа шығып, ажалдан аман қалған жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Мамлют қаласының маңында болған. Көлдің жанынан өтіп жатқан адамдар жүргізушіге көмектесудің орнына көлікті суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Трассадағы бақылау камераларын қарап отырған Мамлют аудандық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Азамат Дәуітов көліктің суға батып бара жатқанын байқаған.
«Кезекші бөлімге жалғанған бейнекамералардан төңіректі шолып отырғанда Мамлютка қаласына кіреберісте «Nissan Almera Classic» маркалы көліктің жол шетіне шығып кетіп, көлге барып аударылғанын көрдім. Көлік қас-қағым сәтте су түбіне кетіп бара жатты», - дейді ол.
Анықталғандай, жүргізуші рөлге ие бола алмай аударылып қалған. Полиция старшинасы бұл оқиға туралы жедел түрде әріптестеріне хабарлайды. Олар тезарада аудан орталығының шетіндегі көлге аттанады. Тәртіп сақшылары жеткенге дейін жүргізуші аударылған көліктен өз күшімен шығып үлгерген.
«Медициналық куәландырудың нәтижесіне сәйкес, 44 жастағы ер адам жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған. Көлікті осындай күйде басқарғаны үшін оған қатысты Әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша материал жиналды. Сот шешімімен шетелдік көліктің жүргізушісіне 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - деді Мамлют ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО