Шерзат ісі: куәгер болған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні қандай жаза күтіп тұр

Автор: Темірхан Айжан

Прокурор оларды сот алдында жалған куәлік берігенін айтты

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Бүгінгі сот отырысындағы жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай Шерзат Полат қаза тапқан түні болған оқиғаларды жасырып қалған тұлғаларды жазалауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Сотты әдейі адастыруға тырысатын тұлғалардың бар екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қылмыс жасалған сәтте оқиға орнында болғандарын растағанымен, өздері шок жағдайында болғандарын, кейбір жағдайларды көрмегендерін, құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндіктері болмағанын, себебі қорқыныш күйде болғандарын айтты. Олар «қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері автокөлікте қалғанын» айтты.

Алайда тергеу барысында алынған деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады. Тойота Прадо автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өздерін еркін, дөрекі, ең бастысы - болған қырғын оқиғаға қарамастан, ешбір уайымсыз сотталушылармен бірге көңілді отырғандары байқалады. Бұл олардың шок жағдайда болмағандарын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана үнсіздік танытқандарын айғақтайды», - деді прокурор.

Дана Сәрсенбайдың мәлімдеуінше, аталған куәлар автокөлікте осы болған оқиғаны айтпай, жасырып, сотта жалған жауаптар берген.

«Куә тек шындықты айтуы тиіс, куә әділеттің көзі болуы тиіс. Сот алдында жалған куәлік беру немесе маңызды ақпаратты жасыру - бұл заңдық жауапкершілікке алып келетін әрекет.

Аталған мән-жайлар тиісті тексеруді жүргізу және процессуалдық шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан осы фактілерді тексеру үшін Алматы облысы Полиция департаментінің атына жеке қаулы шығару қажет деп санаймыз», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Еске салсақ, сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушылардың әрекеттері заңды түрде дұрыс сараланғанын атап өтті. Нақты айтқанда, Абзал Шынасылды «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды және басқа сотталушыларға қатысты ең жоғары жаза тағайындауды сұрады.

Айта кетейік, қазір тікелей эфирде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сот отырысының тікелей эфирін «Azattyq Rýhy» YouTube арнасынан көре аласыздар.