Ақтауда полициядан көлікпен қашқан жасөспірім қалай жазаланды

Автор: Темірхан Айжан

Ол ата-анасының көлігін сұрамай алып кеткен 

Фото: скрин

Ақтауда Toyota Land Cruiser Prado көлігіне мініп алып, үйлердің ауласын басып өтіп, полициядан қашқан студентке қандай жаза қолданылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

26 мамырда әлеуметтік желіге 26-шағынауданда биік жеңіл көлікті полиция қуып бара жатқан видео тараған болатын. Lada жазғандай, көлікті Маңғыстау туризм колледжінің 17 жастағы кәмелетке толмаған студенті тізгіндеген.

Колледж директоры Мәзілбек Өтебаевтың айтуынша, студенттер оқуға қабылданған кезде оқу орнының ішкі тәртіп ережелерімен танысып, қол қояды. Бұл ережелер студенттер мен қызметкерлердің мінез-құлық нормаларын, сондай-ақ тәртіптік жаза шараларын қамтиды.

«Тәртіп бұзушылықтың ауырлығына байланысты әртүрлі шаралар қолданылады. Ол әңгімелесуден бастап оқудан шығару шарасына дейін болады. Оқудан шығару – ең ауыр жаза. Егер студент өзін түземесе, ережені және заңды бұзуды жалғастырса ғана осы шара қабылданады. Бұл жолы біз ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға хат жолдап, оны есепке қоюды сұрадық. Ата-анасы баласының көліктің кілтін сұрамай алып кеткенін айтты», - деді Мәзілбек Өтебаев.

Директордың айтуынша, колледжде мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Ол студенттің мінезі жақсы, сабаққа қатысады, қазір тәжірибеден өтіп жүр деп сипаттады.