Қазақстандық отбасы Германияның әуе компаниясын сотта жеңіп, қомақты қаржы өндіріп алатын болды
Сөзінде тұрмаған компания шығынға батты

Шетелдік Lufthansa әуе компаниясы 1,5 жарым жылдан кейін жолаушыларға келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы белгілі адвокат Дәнілхан Шағатаев жария етті.
2023 жылғы 21 желтоқсанда жолаушылар отбасы LH1648 рейсімен Франкфурт-на-Майннан Алматыға қарай ұшады, бірақ ұшақ әуеде бағытын өзгертіп, Астана қаласына қонған. Жолаушылар шамамен 4 сағат бойы өз рейсін күткен.
Отбасыға осы уақыт аралығында ыстық тамақ, сусын, қонақүй немесе көлік қызметі ұсынылмаған. Авиакомпания өкілдері тарапынан ешқандай ақпарат та, түсініктеме де берілмеген. Соңында Lufthansa өкілі жолаушыларға басқа рейске билет сатып алуға кеңес беріп, компания кейін бұл шығынды өтеп береді деп уәде еткен.
Жолаушылар 2023 жылдың 22 желтоқсанында ұшатын «FlyArystan» әуекомпаниясының билеттерін өз қаражаттына сатып алуға мәжбүр болған. Сонымен қатар, олар қонақүй мен артық жүк үшін де өз қалтасынан ақша төлеген.
Әуе компаниясы отбасы ұшып кеткеннен кейін, оларды мүлде ұмытқан. Оларға ешқандай өтемақы төлемеген. Бір жарым жыл бойы жолаушылар Қазақстанның Азаматтық авиация комитетіне бірнеше рет шағым жазған, алайда еш нәтиже болмаған.
«Монреаль конвенциясына сәйкес, шетелдік авиакомпанияға қарсы талап-арыз Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында қаралды. Сот шешімі бойынша Lufthansa әр жолаушыға сатып алынған билеттердің құнын, қонақүй мен жүкке жұмсалған қаражатты, моральдық зиян мен сот шығындарын өтеп береді», - деді адвокат.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.