Түркістан облысына марокко шегірткесі қаптаған: АШМ шұғыл мәлімдеме жасады
Қазақстанның көп облыстарында биыл «Италья прусы» текті шегіртке таралған

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы шегірткенің таралу аумағы 2,1 млн гектарға жетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы күнге дейін жауапты мекемелер 14 өңірде 464 мың гектар жердегі шегірткені улаған.
Мониторинг пен өңдеу жұмыстарының барысы
22 мамырға дейін елімізде 2,8 млн гектар жер тексерілді. Оның ішінде 498 мың гектар аумақтан шегіртке ошақтары анықталып, химиялық өңдеу басталды.
- 4 625 адам мониторинг пен өңдеуге тартылған.
- Жұмысқа 443 арнайы техника тартылған.
Облыстардағы нақты жағдай
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталайын деп қалған.
Жамбыл облысы «Италья прусы» тектес шегірткеге қарсы күресіп жатыр.
Түркістан мен Жамбылдағы шегірткелерді құрту үшін бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет Түркістан облысы мен Жамбыл облысындағы шегірткелермен күресу үшін республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлген.
Шардара дихандары шырылдап жатыр
Түркістан облысында шегірткеден зардап шеккен дихандар шырылдап отыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Шардара ауданындағы жалғызбасты ана жылап тұрып, шегіртке түгел жеп кеткен бақшасына қарап, ащы зарын жеткізеді. Видеоны түсірген адам бес баланы жалғыз бағып отырған қарапайым шаруа.
«Шегіртке азаюдың орнына көбейіп жатыр. Мына жерде қанша баланың, қанша адамның еңбегі, көз жасы қалды. Бәрін жайпап кетті», – дейді егіс басында тұрған әйел.
Бұл отбасы – биыл көктем басынан бері жер жыртып, бақша еккендердің бірі. Балаларымен бірге тынымсыз еңбек еткен ана бақша көктеп, өнім береді деп үміттенген. Бірақ дала шегірткелері шабуылдап, бір түп өнім қалдырмай түгел жеп кеткен.