Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған басты күдікті түрін көрсетуге келісті
Бүгін сотта Шынасыл Абзал жауап беріп жатыр

Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталып отырған басты күдікті Шынасыл Абзал бүгін сотта бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің түрін көрсетуге келісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, қазір тікелей эфирде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процессі өтіп жатыр.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотындағы Шерзат Полат ісі бойынша сот отырында бірнеше күдікті жауап берді. Олардың бәрі түрлерін көрсетуге қарсы болған.
Жалпы, прокуратураның мәліметінше, қылмыс Шота Руставели көшесінде басталған.
Күдікті Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясов, Такиев және Шынасыл есімді күдіктілер сол көшеге топтасып келіп, сол жерде жүрген Ғайыпбаев пен 16 жастағы Шерзат Полатқа шабуыл жасаған.
Прокурордың айтуынша, алғашқы шабуылды Белғожаев жасаған. Ол Шерзат Полатты аяқпен басынан тепкен. Осы сәтте Шерзаттың анасы – Гүлмира Бишенбиева ұлына араша түсуге ұмтылған.
Алайда Белғожаев қолындағы пышақты шығарып, оны Шерзатқа қарай сермей бастаған. Сол соққылардың бірі жасөспірімнің жүрегіне дәл тиген. Бұл жарақат оның өмірін қиды.
Оқиғаның ары қарайғы дамуы да ауыр сипатта өткен. Күдікті Ілиясов жерде жатқан аңшы мылтығын (16-калибр) алып, Полатты мылтықтың дүмімен ұрып-соққан. Бұл соққылардың бірі араша түсіп жатқан анасының қолына тиген. Кейін Ілиясов сол мылтықпен Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың басынан да ұрған.
Сотты біздің ютуб-каналдан тікелей эфирде көре аласыздар.