Қарағандыда егеуқұйрықтар канализация арқылы үйге кіріп жатыр (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Бұл туралы журналист Денис Денски видео жариялады 

Фото: скрин

Қарағандыда тұрғын үйлер жанындағы қоқыс жәшіктердің жанында жүретін егеуқұрықтар үйлерге кіріп жатыр. Бұл туралы журналист Денис Денскиге тұрғындар хабар берген, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Ермеков 104/2 мекен-жайындағы тұрғын үйдің жанындағы қоқыс жәшіктері үнемі толып тұрады. Енді содан келген егеуқұйрықтар үйге кіріп жатыр. Тіпті дәретханамен өрмелеп шыққан», - деп жазған оқырман.

Журналистің жариялаған видеосында батпайдай егеуқұйрық дәретханаға канализация арқылы кірген. Мақұлық тесіктен шығып кетуге тырысып жатыр.

Парақшаның пікірлер бөліміне желі қолданушылары өздерінің осыған ұқсас проблемаларын жазған.

«Мен де қоқыс жәшіктері туралы жазайын деп едім. Бұқар Жырау 68, 74 үйлердің жанында да осы жағдай. Қаланың тап ортасы, сұмдық», «мысықтарды далаға қуып, жертөлелерді шегелеп жауып тастаған кезде бізді де тура осылай болған еді, егеуқұйрықтар қаптап кетті», «13 микрорайондағы 34 үйге келуіңізді сұраймын. Егеуқұйрықтар тек жертөледе емес, подьезде жүреді. Бүгін бір пәтерден көрдім. Күнде келіп улап, аулап кетуді сұрайтын боламыз», деп жазып жатыр олар.