Египеттегі қайғылы оқиға: марқұм Ақмарал Мұқанова қандай адам еді

Автор: Темірхан Айжан

Ол өмірді сүйетін әрі өте мейірімді жан ретінде есте қалды

Фото: @anvar_shalekenov

2024 жылғы 18 мамырда Египеттің Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайында Астанаға ұшуға дайындалып тұрған Қазақстан азаматы Ақмарал Мұқанова жазатайым оқиғадан қаза тапты. Әуежайдағы ауыр жарнама экраны құлап, әйел астында қалып қойған. Марқұмның кіндік баласы, журналист Анвар Шалекенов Ақмарал Мұқанова туралы естелігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Менің анамның бала кезден дос болған жақын құрбысы еді. Ашық-жарқын, үнемі күлімдеп, бәріне шуағын шашып жүретін. Өте мейірімді кісі болды. Саяхаттағанды жақсы көретін, әсіресе ұлын ертіп алып жиі саяхаттайтын. Тіпті Ақмарал апа туралы өткен шақта сөйлеуге тілім бармайды»,- деді ол.

Ақмарал Мұқанова кім еді?

Марқұм әйел Ақтөбе облысының полициясында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагер. Кейінірек Астана қаласында ұлымен бірге тұрған. Ол өмірді сүйетін, мейірімді жан ретінде есте қалды.

«Өзіміз қаралы хабарды жексенбі күні естідік. Өте қиын. Бұлай болады деп ешқашан ойлап көрмеппін»,- деді журналист Анвар Шалекенов.

Жарнама тақтасынан тағы бірнеше адам зардап шекті

Еске салайық, оқиға кезінде төрт қазақстандық азамат зардап шеккен. Екеуі ауруханаға түсті, қалғандарына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қайтадан қонақ үйге жатқан. 

Қайғылы оқиғаның үстіне әуежайда жанжал болып жатқан. Сол сәтте Египет қызметкері бірнеше туристің – соның ішінде Қазақстан азаматтарының төлқұжатын алып қашқан. Ол ұсталып, құжаттарды қайтып береді.  

Ресми органдар не дейді?

ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, консул марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, Египеттің азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алып, арнайы тергеу комиссиясын оқиға орнына жіберген.