Солтүстік Қазақстанда зират қоршауын ұрлағандар ұсталды
Ұрланған темірлер түрлі-түсті металл қабылдайтын жерлерден табылған
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері зиратта жасалған екі ұрлықты ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Бірінші ұрлық Смирново ауданының орталығында болды. 3 маусымда аудан орталығының тұрғыны Аққайың ауданының полиция бөліміне арыз жазды. Арызданушының әкесінің зиратының қоршауынан 10 темір шынжыр қолды болған. Аққайың ауданының ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері сатылуы мүмкін нүктелерді тексеру барысында шынжырдың бір бөлігін анықтады», - деп жазылған хабарламада.
Оларды 1987 жылы туған, аудан орталығының бұрын сотталған тұрғыны ұрлап, түрлі-түсті металл қабылдайтын орындарға тапсырған. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Екінші істі учаскелік полиция инспекторы Айдар Қуандықов ашты. Ол сөмкесіне ауыр жүк салып, кетіп бара жатқан адамды байқайды. Тексере келе сөмкенің ішінен зират қоршауының темір элементтері шыққан. Бұл факті де ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.