Бұл оқиға Атырау облысында болған
2020 жылғы 3 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті арнайы операция нәтижесінде спорттық орта мен ықтимал деструктивті діни ағым өкілдерінен тұратын топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.
«Қылмыстық топқа қатысушылардың өңірдегі кәсіпкерлерден қорқытып ақша алуға, қарыздарды «өндіруге» және дене жарақаттарын келтіруге қатысы бар. Нәтижесінде, топтың белсенді 5 мүшесі ұсталды, олардың кейбіреуі трансұлттық қоғамдастықтардың көмекшілерімен байланыс ұстаған. Фигуранттардың тұрғылықты жерлері бойынша тінту барысында үш бірлік әртүрлі қару түрлері мен оқ-дәрілер табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.
Ұсталған үш адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, бұлтартпау шарасын таңдау жөнінде мәселе шешілуде. Қорғануға құқығы бар екеуінен куәгер ретінде жауап алынды. Тергеу іс-шаралары жалғасуда.