«Хуторский» тобының жетекшісі деген Хасан Қасымбаевтың тергеуі аяқталды
Қазір материалдармен танысу процесі жүріп жатыр

Алматы облысында «Хуторский» қылмыстық тобының басшысы ретінде танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу ісі аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, қазіргі уақытта іс материалдары тараптарға танысу үшін ұсынылған.
Танысу процесі аяқталғаннан кейін іс айыпталушыларды сотқа беру мәселесін шешу үшін прокуратураға жолданады.
Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында ұсталып, қамалған болатын. Тергеу барысында оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша іс қозғалған. Атап айтқанда:
- Адам ұрлау (ҚК 125-бап)
- Бопсалау (ҚК 194-бап)
- Денсаулыққа қасақана зиян келтіру (ҚК 107-бап)
Ұсталған сәтте Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып жүргені анықталды. Аталған дерек те қоғам назарын аудартқан болатын. Кейін ол қызметінен кетті.
Еске салсақ, марқұм Шерзат Полат қайтыс болған төбелестегі жігіттер өздерін «хуторский» деп таныстырған. Алайда облыс полициясы Талғарда ешбір қылмыстық топтың тіркемлегенін хабарлаған еді.