Гүлеркем Ниязқұловаға ешбір заң әсер етпеген секілді
Әнші Абай Бегейдің қызы блогер Гүлеркем Ниязқұлова әлеуметтік желіде заңсыз қызметін тоқтатпай отыр. Ол былтыр ғана 1 млн теңгеден артық айыппұл төлеген. Құзіретті органдардың тыйымына да, айыппұлына да мән бермейтін эстрада жұлдзының қызы күні кеше тағы да ұтыс ойынының жүлдегерін атап, 15 млн теңгені есепшотқа салғанын көрсетті.
Блогер тараздық жеңімпаз әйелдің «ойын шынайы болды, осы уақыт дейін ойнап жүргенмін. Барлығыңыз ойнаңыздар» деген бейнеүндеуін де жария етті. Azattyq Rýhy редакциясы бұл қайдан келген батпан құйрық екенін анықтап көрді.
Ниязқұлова Ерке Instagram желісінде негізгі парақшасынан бөлек тағы бір парақшаны нағыз ұтыс ойындарын өткізуге арнаған. Ол жерде алтын әшекейлер, қаракүзен тондары, қымбат көліктер мен пәтерлерге дейін ойнатады. Билет құнын 100 теңгеден бастап 1000 теңгеге дейін бекітіп, қалта көтеретін сомаға сатып отыр. Алайда билеттен түскен қаражаттың қаншасына ұтыс жүлделері сатып алынып жатқаны туралы егжей-тегжейлі ақпаратты көре алмадық.
Блогер өзінің күйеуімен бірге ұтысқа қатысты сандарды кішкентай жәшіктерге салып, үй ішінде тікелей эфирде өткізеді.
Онымен бірге, Ниязқұлова ойынның билеттерін сату үшін әртүрлі ынталандыру сыйлықтарын жасап, көпшілікті үгіттейді. Бірде өзінің авторлық курсын тегін беретінін айтса, тағы бірде 50 мың теңге ақша жіберетінін айтады. Оның ауызынан «сыйлық» деген сөз көп шығатыны байқалады.
Ұтыс ойнататын Instagram парақшасын 2022 жылдан бері белсенді жүргізіп келе жатқан Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз әрекеттері үшін 2024 жылы 1 107 600 теңге айыппұл төлеген. Оның ұтыс ойындарын өткізуше ешқандай құқығы жоғы анықталды.
«Аталған парақшаның иесі Ниязқұлова Гүлеркем Абайқызына қатысты «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4, 5-тармақтарында белгіленген талаптарды бұзуы бойынша 2024 жылғы 24 мамырдағы №15 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен аталған тұлға тиісті әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 1 107 600 тенге айыппұл салынған», - деп хабарлады комитеттен.
Елімізде 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығы берілген жалғыз оператор - «Сәтті Жұлдыз» АҚ болып бекітілген. «Сәтті Жұлдыз» «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@erke_rezerve (Niyazkulova Erke)» лотерея агенті емес екенін растады. Абай Бегейдің қызы лоторея операторымен шарт жасаспаған.
Ал Заңның 5-бабының 4) және 5) тармақтарына сәйкес, лотерея операторы емес тұлғаның лотерея өткізуіне және лотерея операторы немесе лотерея агенті емес тұлғаның лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуына (өткізуіне) тыйым салынған.
Заңнаманы бұзған блогерге сол үшін де «ұтыс ойындарында көрсетіп жүрген бума-бума ақшасынан әлдеқайда кем» айыппұл салынып отыр.
Айтпақшы, Гүлеркем Ниязқұлова тағы бір постында Ақтау қаласындағы құрылыс нысанына жарнама жасаған.
Онда «SBG QURYLYS» ЖШС-нан пәтер алушаларды арнайы ұтыс ойынына шақырған. 20 тұтынушы автокөлік, шетелген жолдама, соңғы үлгідегі телефон ұтып алу үшін, Ниязқұловадан билет сатып алу керек.