Алматы дәрігерлері қырық жастағы ер адамның өтінен 5499 тас алып шыққан
Бұны көрген хирургтердің өзі жағасын ұстаған

Алматының қалалық орталық клиникалық ауруханасындағы дәрігерлер 40 жастағы ер адамның өтінен 5500-ге жуық тас тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер бұндай бірінші рет көргенін айтқан.
«Бұл деген бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Мен 20 жылдық тәжірибемде бұндайды бірінші рет көріп отырмын», - дейді бас дәрігердің орынбасары Фараби Стамқұлов.
Дәрігерлердің айтуынша, ер адамның іші ауырып, құсып, қатты әлсіреп, ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен екен. Дәрігерлер бірден кешенді тексеру жүргізіп, оның өтінен тас көрген.
«Әрине біз өтіндегі тасы өте көп екенін түсініп тұрдық. Бірақ 5500 тас аламыз деген ойымызда да жоқ еді. Бұл науқастың өті тасқа толып қалған», - дейді операция жасаған хирург Илияс Сағиев.
Науқастың операциясы сәтті өтіп ол қазір ауруханадан шыққан.