Ақтөбе облысында үйінен қашатын балалардың қатары көбейген
Үйінен қашатындардың дені 7-16 жасқа дейінгі балалар
Ақтөбе облысының полициясына жыл басынан бері аймақ тұрғындарынан балалардың жоғалғаны туралы 48 хабарлама келіп түскен. Бұл туралы Ақтөбе облысының Полиция департаменті хабарлайды.
«Күн сайын қашып кеткен немесе хабар-ошарсыз кеткен балалар туралы хабарлайды. 90% жағдайда балалар өздері үйден кетеді. Кәмелетке толмаған балалардың аарасында мұндай жағдай тұрмысы нашар отбасыларда және балалар үйлерінде кездеседі. Әдетте, «қашқындар» – жасы-7-ден 16 жасқа дейінгі балалар. Жеті жасқа дейінгі өте кішкентай балалар ата-анасының салғырттығы салдарынан жоғалып кетеді. Мұндай жағдайлар өте қауіпті, себебі балаларда қорқыныш сезімі жоқ. Олар көшеде ашық тұрған қақпасы жоқ құдықтарға, жыраларға түсіп кетуі мүмкін немесе адасып кетуі ықтимал», - деп хабарлайды.
Ақтөбе облысы ПД басшысы Атығай Арыстанов үйінен бірінші рет қашқан балалар өте қауіпті аймақта болатынын ескертеді.
«Балалар, әсіресе, үйден бірінші рет кетушілер өте қауіпті аймақта болады. Олар көшеде өзін қалай ұстау керек екенін білмейді, себебі бұл бейтаныс орта, көшеде қазір ыстық, шомылу маусымы басталған уақытта суға қарай беттейді. Осыған байланысты су қоймаларына рұқсатсыз кетеді, суға түсу үшін жабдықталмаған жерлерге барады, суға түсуге тыйым салынған аймақтарда жүреді. Кейбір ата-аналар балалары бірнеше күн бойы үйде болмаған кезде де алаңдамайды», - деп ескертті ол.
3 маусым күні сағат 17:40-та Ақтөбе қаласы ПБ жедел басқару орталығының «102» телефонына 36 жастағы әйел хабарласып, 1 маусым күні үйден велосипедпен шығып кеткен 9-сынып оқитын баласының қазіргі уақытқа дейін қайтып оралмағанын хабарлаған.
Полиция қызметкерлері көршілерінен, таныстарынан сұрастыра жүріп, жоғалған баланы қаланың басқа аумағында орналасқан досының саяжайынан тапқан.
Одан бөлек, «Аяла» балалар орталығынан кәмелетке толмаған бала жоғалып кетті. Жедел-іздестіру нәтижесінде, жоғалған бала екі күннен кейін Қандыағаш қаласында досының қасынан табылды.
Облыстық ПД басшысы Атығай Арыстанов айтуынша, жыл басынан бері полицияға балалардың жоғалғаны туралы 48 хабарлама келіп түскен. Сондай-ақ карантин режимін алып тастағаннан кейін де 11 хабарлама келіп түскен. Жоғалған балалардың барлығы үйлеріне қайтып оралып, ата-аналарына табысталды.