Бұл бағдарлама шарттарына қайшы келеді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының түлектері шетелде тұрып, Қазақстандағы компанияларға қашықтан жұмыс істеу арқылы міндеттемесін өтей алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, әрбір стипендия иегері мен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалады. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттемелері нақты көрсетілген.
«Стипендия иегерінің негізгі міндеттемесі – оқуды аяқтап, Қазақстанға оралып, өз саласы бойынша 5 жыл бойы жұмыс істеу. Бұл талап Еңбек кодексінде нақты жазылған. Қашықтан жұмыс істеу арқылы міндеттемені өтеу қарастырылмайды және тыйым салынған», – деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, стипендия иегері шарт талаптарын бұзған жағдайда, стипендиядан айырылады және кеткен шығынды мемлекетке қайтаруға міндетті.
«Келісімшарт пен азаматтық кодекс бұл жағдайда нақты нұсқаулық береді. Егер өз міндеттемесін орындамаса, өтеуге тура келеді», – деп қосты министр.
Министрлік «Болашақ» бағдарламасының шарттарын орындау міндетті екенін атап өтті.